БІР

lat: BİR /277/

үст. 1. Қабат, қатар, бірге .

Біздер мына дәуірменен бірге өстік,

Қарап соның қабағына, күн кештік.

Уақыттың үніменен тілдестік,

Уақыттың көшіменен бір көштік (2,213).

Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,

Жақыныңның жат боларын кім білген.

Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,

Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен (3,105).

2. Әлсін-әлі, дамыл-дамыл, мезгіл-мезгіл.

Не деген балажанды құрғыр еді,

Киіз үйге бір шығып, бір кіреді.

Шопанның шаңыраққа көзі түссе,

Шарасы таусылғандай ділгіреді (2,194).

Сол соқпақпен жүріп келем, бір жығылып, бір тұрып,

Жол іздеймін, жол іздеймін алға қарай ұмтылып.

Жол шіркіннің орының да, жарының да көбін-ақ,

Сүрінемін, жығыламын, қайта жүрем ынтығып (2,274).

3. Бірдей, тең, парапар .

Көңілге салдық босқа кір,

Кіре алмай достық тыста жүр.

Қуатсыз қалған дос та бір ,

Қанатсыз қалған құс та бір (1,183).

Махаббат менен кеткен,

Бөлекте жүр.

Мен де бір жасын түскен терек те бір .

Тіршілік махаббаттан таралған ғой, Шәміл-оу!

Енді маған керек пе өмір?! (2,170).

Бұл да бір , жылқының сақауы да бір (4,180).